Қазақстанда сейсмология тұрғысынан қауіпті өңірлер көбейді

депутат
Фото: ҚазАқпарат

Қазақстанның батыс өңірлері сейсмология тұрғысынан қауіпті аймаққа айналып бара жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сейсмология тұрғысынан қауіпті жалғыз Алматы қаласы мен Алматы облысы ғана емес. Сонымен қатар, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының аумағы да сейсмология жағынан қауіпті. Бұл өңірлерде қарқынды түрде мұнай өндіру жүзеге асырылған соң, жер қабатында бос орындар пайда болды. Кез келген табиғи жер сілкінісі техногендік дүмпуге ұласуы мүмкін», - деді Е. Жаңбыршин Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің кеңейтілген отырысында.

Осы орайда бұл мәселе аса маңызды екенін және мұнай-газ кен орындарын қарқынды игеру орындарында проблема болуы мүмкін екенін айтты.

«Сондықтан біздің өңірлердегі қазіргі шынайы геодинамикалық жағдайды көргіміз келеді. Себебі Түркияда болған апаттан кейін бұл тақырып өте өзекті. Мәселен, Ақтауда тұрғын үйлер салынған кезде құрылыс нормалары және ережелерінде 6 балл деңгейіндегі жүйе көрсетілген. Бұл тұрғыда арнаулы институттардағы барлық мәліметті қарастырып, тиісті деректерді жинақтауды сұраймыз. Яғни еліміз аумағында жер қабатында болып жатқан өзгерістер қандай қауіп төндіріп тұрғанын тыңғылықты зерттеу керек», - деді депутат Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдеріне қарата айтқан сөзінде.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов елімізде Сейсмология институты бар екенін, ғалымдар тиісті картаны жасағанын айтты.

«Алматы қаласының аумағында осы жұмыс аяқталды. Ол картаны құрылыс нормаларымен айналысатын жергілікті органға табыстады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар шығыс өңірде іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, институт мамандары еліміздің батыс өңірлеріне барып, ауқымды зерттеу жасайды. Шынымен де бұл облыстарда мұнай-газ кен орындарын игеру салдарынан жер қабатында бос орындар пайда болып жатыр. Сондықтан батыс өңірлерде де сейсмикалық жағдай күрделі. Атап айтқада кен орындарындағы жағдайды бақылауда ұстаймыз», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар