Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті полиция бөліміне белгісіз біреулер есірткі заттарын өткізумен айналысады деген хабарлама түскен. Жедел-іздестіру шараларының барысында полицейлер осы қылмысқа қатысы бар деген төрт күдіктіні қолға түсірді. Олардың үйін тінту кезінде «Дон» есімді қызметтік ит өсімдік текті есірткі заттардың орамасын тауып алған. Сот-криминалдық сараптама қортындысы тәркіленген заттың жалпы салмағы 2 келіден асатын есірткі екенін растады.
«Қазіргі таңда күдіктілер уақытша тергеу абақтысына қамалды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің «есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.
Айта кетейік, Арыс қалалық ішкі істер басқармасында жүрген иісшіл ит бір жылдан астам уақыт аралығында бірнеше қылмысты ашуға көмектескен.
Ал, жалпы өңірде 40-тан астам арнайы даярланған қызметтік полиция иттері бар. Олар есірткі заттарын анықтауға, іздерді және жарылғыш заттарды табуға, қарауылшылық қызметте, қылмыскерлерді іздеу және ұстау барысында және қоғамдық тәртіпті сақтауда пайдаланылады.