ОҚО-да қоғамдық орындар мен көшеде жасалған қылмыстар едәуір азайған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде облыстық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырыста Жергілікті полиция қызметінің есебі, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жайы мен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бюджеттік бағдарлама жобалары және көші-қон процестерін реттеу қағидалары сынды 13 мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы және облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуалиев осы жылдың 8 айында Жергілікті полиция қызметінің атқарған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, осы жылдың сегіз айында жүзеге асырылған шаралардың нәтижесінде облыс аумағында орын алған жалпы қылмыстар 15,3 пайызға төмендеген. Ал қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 21,4 пайызға, көшеде жасалған қылмыстар 29,6 пайызға азайған. Сонымен қатар, жиында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов Елбасының бүгінгі таңда қойып отырған міндеттерінің бірі қазақстандық жастарға кәсіптік білімді тегін беру екенін атап өтті.

«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы аясында облыста 2017-2018 оқу жылына республикалық бюджеттен 4 584 орын бөлінді. Соның ішінде: көпбалалы отбасынан 2 264 бала, 68 жетім бала, аз қамтылған отбасынан 2 470 бала қамтылды. Жаңа оқу жылына техникалық және кәсіптік білім саласында кадрларды даярлау бойынша облыстық бюджеттен 91 мамандық бойынша 11 084 орын, республикалық бюджеттен 26 мамандық бойынша 4 584 орын, барлығы 15 668 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді», - деді басқарма басшысы.

Кеңес отырысының қорытындысында күн тәртібінде қаралған мәселелер коғамдық кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан мақұлданып, облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды.