ОҚО-да қызметін асыра пайдаланған 58 полицей жұмыстан шығарылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметкерлерлер жұмыс кезінде ішімдік ішіп, көлік жүргізген. Құқық бұзушылыққа жол берген 58 полицей қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Мемлекеттік қызметкерлердің тәртібі мен әдебі қаралған алқалы жиында осындай заңбұзушылық әрекеттер сөз болды. Мәселен, өңірде соңғы 7 айда жол ережесін бұзғаны үшін 227 мемлекеттік қызметшіге  әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 13-і - мас күйінде көлік тізгіндегендер екені анықталды. 10 адам жұмыс уақытында ішімдік ішіп, рульге отырған болып шықты.

Ал, жыл басынан бері 370 полиция қызметкеріне қатысты құқық бұзушылық анықталған. 88-іне ескерту берілгенімен, жағдай оңалмапты. Полицейлердің көлігіне қатысты 22 жол көлік оқиғасы тіркелсе, соның 2-інде  тәртіп сақшылары кінәлі екені анықталған. Ал, жуырда ғана Шымкенттің іргесіндегі Мәртөбе елді-мекенінде бір полицей жолдан өтпек болған бір отбасы мүшелерін қағып кетіп, отағасы оқиға орнында мерт болған. Оның әйелі мен баласы ауыр халде ауруханаға түскен болатын.