ОҚО-да полицейлер демалушыларға Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлуға болмайтынын ескертті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын-алу мақсатында жүргізіп отырған іс-шаралар барысында, Бәйдібек ауданында 1 қылмыс анықталды.

Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, Бәйдібек ауданы Бөген өзенінің бойынан заңсыз құм-тас қазып жатқан 2 жүк арту техникасы және маркасы «Камаз» жүк көлігі анықталып, техникалар ақылы айыптұраққа жеткізілді. Ал табиғатты заңсыз пайдаланған 1989, 1974 және 1971 жылғы Бәйдібек және Сайрам ауданы тұрғындардың  үстінен  ҚР ҚК-нің «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» 334-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар,  сол күні жергілікті полицейлермен  Бәйдібек ауданының аумағында сирек кездесетін және тез азайып, құрып кету қаупі төнген өсімдіктер санатында ҚР-ның Қызыл кітабына енгізілген «Грейг» және «Кауфман» қызғалдақтарын заңсыз жұлудың жолын кесу мақсатында  алдын-алу іс-шаралары жүргізілді.

Қуантатын жағдай, іс-шара барысында ешқандай заңбұзушылық, яғни  «Грейг» және «Кауфман» қызғалдақтарын жұлу, сату деректері анықталмады.

Ал,  табиғат аясында демалып жүрген азаматтарға тәртіп сақшылары қызғалдықтардың Қызыл кітапқа енгізілгені, ерекше қорғалатын өсімдіктер қатарына жататындығы және жұлуға немесе оларға қатысты басқа да заңсыз іс-әрекеттер жасау заңмен белгіленген қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратындығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары дайындаған ескертпе парақтары таратылды.