ОҚО-да жеңгетайлар кәмелетке толмаған қызды саудаға салған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -    Оңтүстік Қазақстан облысында адам саудасы мен жеңгетайлықты, притон ұстау және жезөкшелікпен айналысуға тартуды анықтау бойынша «STOP-трафик» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Өңірдің Ішкі істер депатраментіне қарасты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері ұйымдастырған шарада  адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру фактілерін ескерту жайттары да тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Нәтижесінде 9 жеңгетайлық жайты анықталып, 58 жеңіл жүрісті әйел есепке алынды. Жеңгетайлардың кәмелетке толмаған қызды саудаға салу дерегі тіркеліп, олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 135-бабымен іс қозғалды.

 

Сонымен, рейдтік шара кезінде полицейлер қаладағы сауналардың бірінде тұтынушыларға интимді қызмет көрсету үшін жеңіл жүрісті қыздардан 2 мың теңге көлемінде сыйақы алған әкімшісін анықтады.

 

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 309-бабымен «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық» қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Айта кетейік, полицейлер жыл басынан бері осы тектес 31 қылмыс тіркеген. Олардың ішінде: адам саудасы, кәмелетке толмағандардың саудасы, жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру қылмыстары бар.