ОҚО-ның спорт басқармасы басшысы ләңгі тебуден рекорд жасады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан өңірінде асық ату  мен ләңгі тебуден  аудан-қала спортшылары қатысқан облыс біріншілігі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аса тартысты өткен сайыста ләңгі тебуде ең мықты қатысушы 42-ұпай алды. Ал, жарыста ойыннан тыс қатысқан өңірдің спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев  45 ұпай жинап, оңтүстікте рекорд жасады. Жалпы командалық есеп бойынша ұлттық ойынның бұл түрінен бірінші орынды Бәйдібек ауданының спортшылары иемденді. Ал, екінші орынға Созақ ауданынан келген жастар тұрақтаса,  үшінші орын   Қазығұрт ауданының жігіттеріне бұйырды. Асық атуда Бәйдібектен келген Мұса Биболсын атты спортшыға қарсылас шақ келмеді. Ұлттық ойынның бұл түрінен де Бәйдібек ауданының ойыншылары бірінші орынды еншіленсе, екінші орын Түлкібастан келген командаға бұйырды. Ал үшінші орынды Төлеби ауданының жастары қанағат тұтты.


 Сонымен қатар қыздар арасында өтіп жатқан бес асық сайысында Қазығұрт ауданынан келген Халипа Әпешова ептілігімен көзге түсті. Дегенмен командалық есепте Бәйдібек ауданына бірінші, Отырар ауданының қыздарына екінші орын берілді.



 Жеңімпаздарды  "Qazsport" арнасының комментаторы Ермек Төрениязов  арнайы құттықтап, алдағы уақытта мұндай бастамаларға ұдайы қолдау көрсететінін жеткізді. Енді жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар  республикалық жарысқа қатысады.