Оқу-ағарту министрі жас түлектерге үш кеңес айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басып жатқан жеткіншектерге кеңес берді.
- Алғаш кеңесім сенімділік, ешқашанда сенімді жоғалтпаңыздар. Екінші табандылық, барлық арман, мақсат-мұратқа жету үшін табандылық керек. Тағы бір кеңесім еңбекқорлық пен адалдық, себебі еңбектің наны тәтті, ал нанды адал еңбекпен тауып жеу керек. Осы жағдайда біздің жастар өз арман, мақсатына сеніммен жетеді, - деген кеңес берді министр.
Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елордадағы №104 орта мектеп оқушыларға сынып сағатын өткізді.
Сонымен қатар ведомство басшысы әр сынып оқушысымен жеке танысып, олардың алдағы арман, мақсатын сұрады.
Биыл оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтап жатыр, оның ішінде бастауыш сыныпты 391 мың, негізгі мектепті 364 мың шәкірт тәмамдады. Еліміз бойынша 217 мың оқушы мектеп бітіріп жатыр, оның 5 пайызы «Алтын белгіге» үмітті.
Еске салайық, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев соңғы қоңырау кезінде ата-аналар мектептегі мерекелік іс-шараларға шығындалып, балаларды ысырапқа үйретпеуі керектігін айтып, үндеу жасады.
Айта кетейік, соңғы қоңырау мен мектеп бітіру іс-шараларын өткізуде белгілі шектеулер қарастырылған.