Оның айтуынша, осы бағыттағы тексеруді Қаржы министрлігі жүзеге асырды.
- Бұл тексеруді Қаржы министрлігі жүргізді, өйткені Қаржы орталығы осы ведомствоға берілді. Олар біраз қызметті цифрландырып, тексеруді бастады», - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде.
Бұл ретте Ж. Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептердің қызметін лицензия беру және лицензия берілгеннен кейін де бақылайтынын атап өтті. Лицензиядан кейінгі бақылау Бас прокуратурамен бірлесе жүзеге асырылады.
— Лицензиялау – ол мемлекеттік қызмет. Бұл тұрғыда бірқатар талап бар. Мектептер лицензия алған кезде осы талаптарға сай болуы керек. Қазіргі кезеңде 2022 жылдан бастап лицензия алған барлық мектепке лицензия алғаннан кейінгі бақылау жүріп жатыр», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ жекеменшік мектепке мемлекеттік тапсырыс бергенде, Оқу-ағарту министрлігі білім сапасына, мұғалімдердің біліктілігіне және балалардың қауіпсіздігіне қатысты үш талап қояды.
— Министрліктің нақты ұстанымы бар. Егер жекеменшік мектеп жақсы, сапалы білім беріп, ғимараты оқушыларды қабылдауға лайық болса, мұғалімдер заңнамадағы барлық талаптарға сай болса, мұндай жекеменшік мектептерді қолдаймыз, олар мемлекеттік тапсырыс алады. Ал мұндай заңнамалық талаптарға сай келмейтін жекеменшік мектептер мемлекеттік тапсырыстан қағылады, - деді министр.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында Үкімет басшысы Олжас Бектенов жекеменшік білім беру және медициналық мекемелерді қаржыландыру тетіктерін қайта қарауды тапсырды.
Бұл ретте жүргізілген аудит барысында оқушылар мен мұғалімдерді жалған тіркеу және қосарланған есепке алу, рұқсат етілген жобалық қуаттан артық жүктеу және тағы басқа жағдайлар анықталды.