Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, мектепте Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, тиісті аумақтық органдардың және «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының өкілдерінен құралған мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр.
— Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, ас блогында санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Шектеу шаралары енгізіліп, оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі РФММ Директорлар кеңесі мен Басқармасына тамақтандыруды ұйымдастыруды және санитариялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нұсқау берді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Оқушылардың қауіпсіздігін және білім беру процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін оқу уақытша қашықтан оқыту форматында ұйымдастырылды.
Басым міндеттер қатарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау және тексеру нәтижелері бойынша қажетті шаралар қабылдау бар.
Жағдай тиісті қызметтер мен Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында. Жұмыс Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүргізілуде.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен емханаға жатқызылғаны белгілі болды.
Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. Бүгінде мектеп ғимараты мен мектеп-интернатта дезинфекциялау жұмыстары жүргізілген. Ал ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, мектеп-интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтеді.
Бұған дейін 50-ге жуық оқушының улануына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны анықталды.