Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі ЖИ енгізудің алғашқы қадамдарын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мектептеріне жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл жүйе ең алдымен ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайтуға бағытталған. Мектептерге ЖИ енгізудің алғашқы қадамдарын ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Жәмилә Есанова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Фото: видеодан алынған скрин

Министрлік өкілінің айтуынша, қазір жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізуге арналған 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленіп жатыр.

Жәмилә Есанова бұл бағытта ең алдымен ауыл мектептеріне басымдық берілетінін атап өтті. Себебі елдегі 8 мыңнан астам мектептің 65 пайызы ауылдық жерде орналасқан.

Фото: видеодан алынған скрин

— Барлықтарымыз білетіндей ауылдық мектеп пен қалалық мектептің сапасын салыстыратын болсақ, айырмашылық бар. Сол алшақтықты жақындатып, бірдей қылуымыз қажет. Жаңа технологиялар осы алшақтықты азайтуға көмектесуге тиіс. Сол себепті де ауыл мектептеріне баса назар аударылды, — деді ол.

Сонымен қатар мұғалімдер арасындағы «ЖИ ұстаздарды алмастырады» деген алаңдаушылық мәселесі де көтерілді. Комитет төрағасының орынбасары жасанды интеллектіні мұғалімнің орнына жүретін жүйе емес, тек көмекші құрал ретінде қабылдау қажет екенін айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

— Оқушымен тікелей қарым-қатынас орнату, бағыт беру және психологиялық қолдау көрсету сияқты дүниелерді технология атқара алмайды. Сондықтан мектептерде мұғалімнің рөлі сақталады. ЖИ ол тек қана құрал ретінде, көмекші ретінде, технологияның бірі ретінде қарауымыз керек. Ал адамды ешқандай технология алмастыра алмайды, — деді Жәмилә Есанова.

Министрлік қазір мұғалімдерді жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуге бейімдеу жұмыстарын да бастап кеткен. Бұл бағытта ЮНЕСКО-мен бірлескен арнайы курстар іске қосылған. Курстар «Өрлеу» платформасында тегін қолжетімді және олар цифрлық сауат пен ЖИ құралдарын қолдануды үйретеді. Бағдарламаға қазірдің өзінде 300 мың педагог қатысқан.

Фото: видеодан алынған скрин

Жасанды интеллектіні мектептерге енгізу пилоттық жоба форматында басталмақ. Алғашқы кезеңде шалғай ауыл мектептері мен кейбір қала мектептері қамтылуы мүмкін. Жоба техникалық мүмкіндіктер мен интернет сапасына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асады. Министрлік өкілінің айтуынша, пилоттық жұмыстар келесі оқу жылында басталып кетуі де ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін, Әзербайжан сарапшысы Қазақстанның ЖИ-дегі тәжірибесі өңірде сұранысқа ие болатынын айтқан еді.