Оқуға түсе алмаған ақтөбеліктер техникалық мамандықтарға құжат тапсыра бастады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өткен оқу жылында арнайы мамандық ала алмаған ақтөбеліктер техникалық және кәсіби білім беру мекемелеріне құжат тапсыра бастады.

Биыл 1 мыңнан астам адам тегін оқуға түсе алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында биыл 31 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, еңбекке араласады, білім алып, кәсібін бастайды. Жоспардың 69 пайызы орындалған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыруға өңірге 4,8 миллиард теңге бөлінген болатын. Қаржының бір бөлігі мектеп бітіріп, оқуға түсе алмаған жастарға бағытталды. Биыл 1085 адамға тегін кәсіби білім беріледі. Қазіргі уақытта 800-ден астам адам құжаттарын тапсырып, арнайы білім алуға ниет білдірді. Ал қысқа мерзімді оқыту бағдарламасына 1055 адам қатысады.

«Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу - Мемлекет басшысының негізгі тапсырмаларының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі барынша тиімді болуы тиіс. Бөлінген қаржы толыққанды игерілу керек»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, ауыл адамдарын кәсіпкерлікке оқытуға да қаржы бөлінген. Мобильді оқыту орталықтары құрылып, Ырғыз, Ойыл, Мұғалжар, Темір, Мәртөк және Шалқар аудандарында «Бастау бизнес» жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі кезде қала және ауыл тұрғындары 2,1 миллиард теңге несие алды.