Сонымен оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану тәртібі мынадай:
- оқу сабағы басталғанға дейін білім алушы немесе тәрбиеленуші ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын дірілді және дыбыстық сигналдарды өшіру арқылы дыбыссыз режимге ауыстырады немесе оны өшіреді;
- оқу сабағы кезінде білім алушы немесе тәрбиеленуші ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдаланбайды.
Білім алушыға немесе тәрбиеленушіге оқу процесі кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануға мынадай жағдайларда жол беріледі:
- оқу тапсырмасын орындау үшін пайдалану қажет болған кезде педагогтің нұсқауы бойынша оқу мақсатында;
- білім алушының, тәрбиеленушінің не өзге де адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндіретін мән-жайлар туындаған кезде;
- білім алушының немесе тәрбиеленушінің денсаулық жағдайына байланысты ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану қажет болған кезде.
Материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндігі болған кезде орта білім беру ұйымы ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын орналастыру үшін арнайы жабдықталған орындарды айқындауға құқылы. Арнайы жабдықталған орындар болған кезде оларды пайдалану тәртібі және оларға орналастырылған құрылғылардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары білім беру ұйымының ішкі тәртіп қағидаларымен айқындалады.
Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын оқу мақсатында пайдалану кезінде педагог:
1) орындау үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды қажет ететін оқу тапсырмасын айқындайды;
2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды бастағанға дейін білім алушылар мен тәрбиеленушілерге оқу тапсырмасының мазмұнын, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану тәртібі мен ұзақтығын түсіндіреді;
3) оқу тапсырмасын өз бетінше орындауға қойылатын талаптарды және оны орындау кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдаланудың рұқсат етілген тәсілдерін түсіндіреді;
4) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды бастау және тоқтату туралы нұсқау береді.
Ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын оқу мақсатында пайдалану кезінде білім алушы немесе тәрбиеленуші:
1) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын педагог айқындаған оқу тапсырмасын орындау үшін ғана пайдаланады;
2) осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес педагог белгілеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану тәртібі мен ұзақтығын сақтайды;
3) оқу тапсырмасын педагог белгілеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалану шарттарын сақтай отырып, өз бетінше орындайды;
4) педагогтің нұсқауы бойынша ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалануды тоқтатады.
Оқу тапсырмасын орындау кезінде ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының фото-, аудио- және бейнежазба функцияларын педагогтің нұсқауы бойынша Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын, сондай-ақ жеке өмірді және адамның өз бейнесіне құқығын қорғау жөніндегі заңнама талаптарын сақтай отырып пайдалануға жол беріледі.