Оқушылар арасындағы республикалық спорт жарысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылардың басын қосқан бұл сайыс сәуір айының 24-күні қорытындыланады. Биылғы жарысқа Қазақстанның 20 өңірінен 300-ге жуық оқушы қатысып, өзара бақ сынамақшы. бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлім етті.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Гимназиада бағдарламасына таеквандо, жүзу және жеңіл атлетика секілді спорт түрлері енгізіліп, қатысушылар өз шеберліктері мен дайындығын көрсетіп отыр.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

— Гимназиада — тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулитын, олардың бойында жігер, табандылық, тәртіп пен жеңіске деген құштарлықты қалыптастыратын маңызды алаң. Осындай ірі жарыстар арқылы оқушылар тәжірибе жинақтап, өзара достық қарым-қатынас орнатып, болашақта үлкен спортқа қадам басуға мүмкіндік алады, — делінген хабарламада.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Аталған додада жаттықтырушылардың еңбегі де ерекше. Олар жас спортшыларды тәрбиелеп, олардың спорт пен білімді қатар алып жүруіне бағыт-бағдар беріп келеді. Гимназиада-осы еңбектің нәтижесін көрсететін маңызды кезеңдердің бірі.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Айта кету керек, мұндай республикалық деңгейдегі жарыстар дарынды жастарды анықтап, олардың кәсіби тұрғыда өсуіне серпін береді. Сонымен қатар, ел спортының дамуына үлес қосатын болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.

Ал былтыр Қазақстан оқушылары ISF U-15 Жазғы гимназиадасында рекорд орнатқан болатын.