Оқушылардың жазғы демалысы: орталықтарға полиция инспекторлары бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарына 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.

Фото: Нұрболат Нұржаубай / Kazinform

Келесі мәселе – балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және бос уақытын тиімді ұйымдастыру.

- Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Балаева Аида Ғалымқызының төрағалығымен оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру мәселелері бойынша республикалық штаб құрылды. Штаб отырысында нақты тапсырмалар беріліп, тиісті шаралар қабылданды, - деді Ж. Сүлейменова.

Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, меншік түріне қарамастан барлық білім беру – сауықтыру орталықтарының қызметі сапалы үйлестіріліп, бақылауға алынды. Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес балаларды, соның ішінде әлеуметтік санаттағы және ерекше қажеттілігі бар балаларды жазғы демалыс және сауықтырумен қамтуға басымдық берілді. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы 27 700 балаға демалыс ұйымдастыру мәселесі шешілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалыптасқан тәжірибе негізінде барлық демалыс орталықтарына полиция инспекторлары бекітілді.

- Биылғы жылдан бастап, жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық демалыс орталықтарының қызметі лицензиялау арқылы реттеледі. Осыған орай нормативтік құқықтық актілерді сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліліп, қайта бекітілді. Бұл ретте Министрлік демалыс орталықтарының ашылу уақытына байланысты лицензиялауды рет-ретімен енгізу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өз кезегінде өңірлік штаб қызметінің аясында әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру–сауықтыру орталықтарына әдістемелік қолдау көрсетіп жатыр. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспардың барлық іс-шаралары толық орындалып жатыр, өңірлік штабтардың жұмысы үйлестірілген. Алғаш рет «Білім беру ұйымдарында балалардың сауықтырылуы мен демалысын ұйымдастыру қағидалары» бекітілді. Қағидаларға сәйкес сауықтыру орталықтарының жазғы маусымға дайындығын тексеріп, қабылдап алуға мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп қатысады (СЭС, төтенше жағдай, полиция, әкімдік, білім басқармасы, ДОКСО), - деді министр.

Бұған қоса, демалыс орталықтарында жұмыс істейтін мамандардың сапалық құрамына мән берілген, әрбір қызметкердің соттылығы тексеріледі. Мамандардың біліктілігін арттыру үшін курстар мен семинарлар ұйымдастырылған («Балдәурен», «Бөбек» орталықтары). Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстарына 120 мың педагог-ұйымдастырушы, сондай-ақ 12 мыңнан астам студент пен волонтер тартылады.

- Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мақсатында кері байланыс және жедел көмек көрсету тетіктері де күшейтілді. Атап айтқанда, білім басқармаларының жанынан құрылған колл-орталықтар жазғы демалысқа қатысты азаматтардың өтініштері мен сұрақтарын қарайды. Сонымен қатар, «111» байланыс орталығы жазғы кезеңде күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Барлық білім беру ұйымдарында балалардың тікелей көмек сұрауына арналған QR-кодтар орналастырылған, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, 25 мамырда ел мектептерінде 2025-2026 оқу жылы аяқталды.