Оқушыларға қолдау көрсетілмеген: кешкі мектептерге 941 бала ауысып кеткен

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының іске асырылуын талқылауға арналған Үкімет сағатында Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева кешкі мектептерге қатысты проблеманы көтерді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

- Елімізде 40 кешкі мектеп жұмыс істеп тұр. Тексеру барысында кейбір балалардың үй шаруасына көмектесу немесе бауырларына қарау мақсатында ата-аналарының талабы бойынша кешкі мектепке ауыстырылған жағдайлары анықталды, - деді Динара Зәкиева.

Сонымен қатар ол кейбір мектептер балаға қажетті қолдау көрсетудің орнына, «онымен жұмыс істеу қиын» деп, кешкі мектепке ауыстыра салатынын айтты. Бұл балалардың қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіреді.

- Осыған байланысты біз аталған мәселені реттейтін бұйрықты қабылдау процесін жеделдетудің маңыздылығына Оқу-ағарту министрлігінің назарын аудардық. Өйткені тоғыз айдың өзінде кешкі мектептерге 941 бала ауыстырылған. Негізі бұйрық қабылдау мерзімі қыркүйек еді, енді жақын арада қабылданады деп үміттенеміз, - деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Бұған дейін «Ұлттық қор – балаларға бағдарламасы аясында биыл 902 млн АҚШ доллары аударылғанын жазған едік.