Оқушыларға экологиялық мәдениетті бала кезінен сіңіру қажет - БҒМ вице-министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оқушыларға экологиялық мәдениетті бала кезінен сіңіру қажет. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Жандану» экологиялық жобасы аясында 12 жылдық мектептерге арнап жарық көрген оқулықтың тұсаукесер рәсімінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев айтты.

«Балаларымызға кішкентай кездерінен бастап экологиялық мәдениетті сіңіру керек. Олар оны тек пән ретінде ғана емес, табиғатпен қалай біте қайнасып, бір ағзадай өмір сүре беруді үйренулері қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде білім беру жүйесінің алдында оқушыларды экологиялық сауаттылыққа тәрбиелеп, оларды баулитын ұстаздар қауымын дайындау мәселесіне жан-жақты келу тетіктерін ойлап табу тапсырмасы тұр.

«Білім беру мазмұнын өзгерту кезінде экологиялық тәрбие мен білім беру мәселесі ең маңызды мақсаттардың бірі болмақ. Бүгінде экологиялық тәрбие беру мәселесін пән ретінде емес, мәдениет ретінде қарастыру керек. Осы мақсаттағы маңызды қадам ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Әлия Назарбаеваның «Жандану» жобасы бірлесіп әзірлеген «Экология және орнықты даму» оқулығын атауға болады», - деп атап өтті вице-министр.