Оқушыны қаққан автобус жүргізушісі қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін - Қостанай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Полицейлер 15 жасар қызды қағып кеткен 61 жастағы автобус жүргізушісін тергеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға бүгін Гашек көшесінің бойында болған. ХҚКО аялдамасы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағында өтіп бара жатқан 15 жасар қызды автобус қаққан. 

«23 қазан күні сағат 07:52-де ІІД-нің кезекші бөліміне автобус жүргізушісінің 15 жасар қызды қағып кеткені туралы хабар келіп түсті. Жол-көлік оқиғасынан соң мектеп оқушысы облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта 61 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ҚК 345-бабы, 2-тармағы (Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталды», - деп жауап берді ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ирина Беженарь агенттік тілшісінің сауалына.

Ал облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері  Игорь Белобржицкий оқушының жағдайы ауыр екенін жеткізді. Оның сөзінше, қызға жабық бас сүйек-ми жарақаты, өкпенің соғылуы, төрт қабырғасы мен бұғанасының сынуы және травматикалық шок диагноздары қойылды.