Оқушының құдыққа құлап, мерт болуы: Елорда әкімі жауапты тұлғаларға сөгіс жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігінде қала басшысы Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен кезекті отырыс өтті. Оның барысында елорда әкімі жақында оқушы баланың кәріз құдығына құлап, мерт болуына байланысты уәкілетті тұлғаларға қатаң сөгіс жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақыт Сұлтанов қайғылы оқиға қайталанып отырғанын атап өтті.

«Өкінішке қарай, 19 ақпан күні тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. 13 жасар жасөспірім қаладағы ашық құдықтың біріне құлап, қаза тапты. Бұл төтенше жағдай тағы да Алматы ауданында тіркеліп отыр. Ашық құдық «Астана су арнасы» мемлекеттік кәсіпорнына (2013 жылдан бастап) тиесілі», - деді қала басшысы.

Әкім осыдан бірнеше ай бұрын жасөсіпірім қыз дәл осындай жағдайда мерт болғанда аудан әкімдеріне, нақты айтқанда, Алматы ауданы әкімінің орынбасарына, жол-көлік басқармасының басшысына, «Астана Тазалық» ЖШС директорының орынбасарына қатаң сөгіс жариялаумен ғана шектелгенін айтты.

«Бұл жазалау түрі сіздерге аз сияқты болып отыр. Ендеше, Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсенбаевқа, Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Игорь Алексеевке, «Астана су арнасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Табиғат Зейнулқабденге, кәріз қызметінің басшысы Қуаныш Сұлтанбаевқа және «Алматы» ауданы кәріз учаскесінің басшысы Владимир Власенкоға қатаң сөгіс жариялаймын», - деді Б.Сұлтанов.

Еске сала кетсек, Астанада бірнеше күн бойы іздестірілген 13 жасар жасөспірімнің өлі денесі қаладағы құдықтардың бірінен табылған болатын. Оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана анасымен бірге серуендеп жүрген 5 жасар бала ашық құдыққа құлап кеткен еді. Оқиға Қарасай батыр көшесі бойында болды. Абырой болғанда, бала дін аман құтқарылды. Құтқарушылар келгенше тереңдігі 2 метр құдыққа №39 мектептің 10-сынып оқушысы түсіп, балдырғанды алып шықты.

Бұдан бөлек, өткен жылдың 26 қарашасы күні 14 жастағы қыз кәріз құдығына құлап, мерт болды. Осы оқиғадан кейін шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов құдықтарды күнделікті тексеруді тапсырды.