АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 1-турындағы екінші ойын күні. Көкшетаудың «Оқжетпесі» сырт алаңда Түркістан облысының «Мақтаралын» жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көкшетаулық команда былтыр бірінші лигада жеңімпаз атанып, биыл Премьер-лигаға қайта оралды. Алғашқы кездесуінде жеңіске жету жолын іздеді.
«Оқжетпес» сапынан 29-минутта Шоқан Абзалов соққан жалғыз гол ойын тағдырын шешті. Осылайша, көкшетаулық команда Премьер-лигадағы бірінші кездесуін жеңіспен бастап, қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, 4 наурызда ел біріншілігінің алғашқы турында «Ордабасы» өз алаңында «Каспийден», «Тобыл» «Ақсудан», «Астана» «Шахтерден» басым түссе, «Ақтөбе» сырт алаңда «Жетісуды» сүріндірді.
Дәл қазір «Қайрат» (Алматы) пен «Атырау» кездесуі өтіп жатыр. Ал, елорда уақытымен 19.00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қызылжар» (Петропавл) жасыл алаңға шығады.
Фото: Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы видеосынан
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.