«Ақтөбе» сырт алаңда «Жетісу» командасынан басым түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 1-турында «Ақтөбе» сырт алаңда «Жетісу» командасын жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған кездесу Алматы қаласындағы «Жас қыран» стадионында өткізілді. Оған себеп – Талдықорғандағы стадионның дайын болмауы.

Кездесу барысында командалар тезірек гол соғу мүмкіндігін іздеді. Десе де, бірінші кезеңінде қақпа құлпы ашылған жоқ.

Екінші кезеңде қос қақпа маңында қауіпті сәттер аз болған жоқ. Нәтижесінде, 83-минутта ақтөбелік жас шабуылшы Максим Самородов кездесу тағдырын шешкен жалғыз голдың авторы атанды.

Осылайша, «Ақтөбе» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Сондай-ақ, бүгін «Ордабасы» өз алаңында «Каспийден» басым түсті.

Қазір «Тобыл» (Қостанай) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) кездесуі өтіп жатыр. Одан кейін елордада «Астана» мен «Шахтер» (Қарағанды) ойнайды.

Ертең, 5 наурызда «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Қайрат» (Алматы) пен «Атырау», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады.


Соңғы жаңалықтар