Жалпы, Википедия мәліметтеріне сүйенсек, 2011-2012 жылдары еліміз бойынша түрлі дәрежедегі 9 террорлық акт жасалыпты. Ерекше қатігездікпен жасалған террорлық қылмыстың бірін біз биыл бастан өткердік.
2016 жылы 5 маусымда орын алған Ақтөбедегі оқиға қаймана қазақты қайта дүр сілкіндірді. Өкінішке орай, бұл жолы Отан алдындағы борышын атқарған атпалдай азаматтар мен бейбіт тұрғындар көз жұмды.
Әскери бөлімшеге шабуыл
5 маусым күні Есет батыр көшесінің бойында орналасқан Ұлттық гвардияның №6655 әскери бөліміне террорлық топ баса көктеп кіреді. Аңшы мылтығымен және суық қарулармен қаруланған топ мүшелерінің басты мақсаты әскери бөлімшедегі қару-жарақ қоймасын тауып, тонау болатын.
Қойманың орналасқан жерін білу мақсатымен қылмыскерлер әскери қызметін атқарып жүрген жедел қызметтегі жауынгер Досбол Еркінбекұлы мен Шайсұлтан Ақжолды ұстап алып, азаптайды. Бірақ мардымды жауап ала алмаған радикалды топ мүшелері оларға оқ жаудырып, салдарынан 19 жасар жауынгер Досбол Еркінбекұлы аяғы мен басына тиген оқтан сол жерде жан тапсырады.
Көп ұзамай, атыс болып жатқан жерге аға сержант Ғабит Балжанов пен қатардағы жауынгер Денис Чернышов және Сырым Сүндетов шұғыл жетіп, қарсылық көрсеткенімен, жауынгерлердің саны қаскөйлерден әлдеқайда аз еді. Осыны пайдаланған террорлық топ мүшелері Сырым Сүндетовті қолға түсіріп, қойма туралы мәліметтерді айтуын талап етіп, азапқа салады. Салдарынан жауынгер Сүндетов денесінің 8 жерінен пышақ жарақатын алса, Денис Чернышов болса атылған оқтан ауыр жараланады.
Кейіннен арнайы мақсаттағы батальонның автокөлік взводының аға жүргізушісі, сержант Рахмет Сатыбай өзінің әріптесі Чернышовтің ерлігін былай еске алға еді:
«Қаскөйлердің жымысқы ойы сол күні жауынгерлік қызметте болған әріптестерімнің жан алып, жан берісуінің арқасында жүзеге аспай қалды. Мен бұл жерде алдымен қатардағы сарбаздар Авдеев пен Чернышов террористермен жата-жастана шайқасты. Чернышов ауыр жараланғанына қарамай, жанқиярлықпен атысқанын өз көзіммен көрдім. Әріптестерімнің осындай әбжіл әрекеттерінің арқасында әскери бөлімге жасалған шабуылдың жолы кесіліп, елге төнген аса зор қауіптің алды алынды. Біз жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғанымызды мақтан тұтамыз», - дейді ол.
Бұдан кейін оқиға орнына 16 әскери қызметкер келіп қосылған. Асқан жанқиярлықпен қарсылық танытуының арқасында және олардың кейбіреулері радикалды топ жетегінде кеткен санасыздармен болған қақтығыста жарақат алғанына қарамай, рухтары сынбады әрі өз міндеттерін абыроймен атқарды.
Алайда, оқиға салдарынан жедел қызметтегі жауынгер Досбол Сапар оқиға орнында қаза тапты. Ал қатардағы жауынгер Шайсұлтан Ақжол мен Сырым Сүндетовтің өлім қаупі төніп тұрса да, қойманың орналасқан жерін қылмыскерлерге айтпай, ерлікпен сес көрсетуі кейінгі ұрпаққа зор үлгі, өнеге болатындығын атап өткен жөн.
Демек, адам тумысынан қаһарман, батыр болып тумайды. Бұл мінез өсе келе қалыптасады. №6655 әскери бөлімшедегі азаматтардың ерлігі мен әрекеттері өскелең ұрпаққа үлгі. Ендеше, біздің сарбаздарымыз - бүгінгі күннің айбынын асқақтаған ержүрек батырлары.