Жаңа ереже 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Басты өзгеріс — спортшыларға тек жарыстағы орны үшін емес, әрбір жеңген белдесуі үшін де рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ретте Ranking Series санатындағы турнирлердің маңызы арта түседі.
Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында жеңімпаз 40 мың ұпай иеленеді. Оған қоса, әр жеңген белдесуі үшін 2 мың ұпай қосылады. Ал бірде-бір белдесуде жеңіске жетпеген қатысушыға 250 ұпай беріледі.
Ranking Series турнирлерінде бірінші орын алған балуанға 20 мың ұпай, әр жеңісі үшін 1000 ұпай есептеледі. Құрлықтық чемпионаттар мен ойындарда жеңімпаз 10 мың ұпай иеленсе, әр жеңген белдесуі үшін 500 ұпай алады.
Ал салмақ дәрежесінде сегізден аз спортшы қатысқан жағдайда, жүлделі орын үшін берілетін тұрақты ұпай саны екі есе қысқарады. Жарыстан шеттетілген, өз еркімен жарысты тоқтатқан немесе іріктеуден өтпеген балуандарға рейтингтік ұпай берілмейді.
Олимпиадалық рейтингті қалыптастыру кезінде UWW спортшылардың 7 жарыстағы ең үздік бес нәтижесін есепке алады.
2027 жылы бұл тізімге Ranking Series санатындағы үш турнир, құрлықтық чемпионат және әлем чемпионаты кіреді. Ал 2028 жылы балуандар бір Ranking Series турнирі мен құрлықтық чемпионатта ұпай жинай алады.
Рейтингтік іріктеу қорытындысы бойынша Олимпиаданың әр салмақ дәрежесінде үздік үш спортшы 2028 жылғы ойындарға жолдама алады. Осылайша, әрбір жеңген белдесу Олимпиада лицензиясын сарапқа салуда маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, Қатар астанасы Доха қаласында нысана көздеу мен стенд атудан ISSF әлем чемпионаты басталды.