Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова сайлауда дауыс берді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Олимпиада чемпионы, жеңіл атлетикадан Қазақстанның белгілі спортшысы Ольга Рыпакова Құрылтай депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады.

Фото: olgarypakova_official / instagram

Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Олимпиада чемпионы дауысын есептен шығару куәлігі арқылы Астана қаласында берді. Бұл құжат сайлаушыға елдің кез келген өңіріндегі сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік береді.

- Еліміз үшін бұл маңызды оқиға. Себебі осындай сайлау бірінші рет болып жатыр. Құрылтай мемлекет дамуына жаңа серпін береді деп сенемін, - дейді Ольга Рыпакова.

Айта кетейік, Ольга Рыпакова Өскемен қаласында дүниеге келген. Ол Қазақстанның жеңіл атлетика тарихында өз ізін қалдырған спортшы. Үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын, ал 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.

Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін ол жеңіл атлетиканы дамытуға атсалысып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының жаттықтырушы-кеңесшісі ретінде жас спортшыларға тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Өскеменде Олимпиада чемпионының есімі берілген жеңіл атлетика орталығы жұмыс істейді. Мұнда жасөспірімдер спортпен шұғылданып, кәсіби спортқа алғашқы қадамдарын жасап келеді.

Еске салсақ, Алматыда Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров өз таңдауын жасағанын жазған болатынбыз.