Олимпиадаға іріктеу: қазақстандық шорт-трекшілер маңызды маусымға дайындықты бастап кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шорт-трек құрамасы 2026 жылғы Олимпиада ойындарына байланысты аса маңызды болғалы тұрған жаңа маусымға дайындықтың келесі кезеңіне кірісті. Қазіргі уақытта ұлттық құрама Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл туралы Olympic.kz жазды.
Айта кетейік, бұл Петр Гамидов баптайтын команда үшін биылғы алғашқы жиын емес.
Сәуір мен тамыз аралығында қазақстандық шорт-трекшілер екі бірдей жаттығу жиынын өткізді. Олимпиадалық маусымға дайындық сәуір айының ортасында басталды. Бұған дейін спортшылар Әлем кубогы кезеңдері, Азия ойындары және әлем чемпионаты сынды маңызды жарыстарға қатысып, аз уақыт демалды. Әсіресе, әлем біріншілігінде Денис Никишаның күміс жүлдесі — маусымның басты жетістіктерінің бірі болды.
Маусым өте қарқынды әрі күрделі өтті. Бірақ табысты болды. Денис Никишаның жоғары нәтижесі, Харбинде өткен Азия ойындарындағы тарихи алтын медаль, сондай-ақ Әлем кубогының бірнеше кезеңіндегі көрсеткіштер — соның дәлелі. Құрамаға демалуға көп уақыт берілмеді. Өйткені алда тек Олимпиада ғана емес, сонымен қатар оған іріктеу кезеңдері де күтіп тұр.
2026 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін шорт-тректен Әлем кубогының лицензиялық кезеңдеріне қатысу қажет. Желтоқсан айында бұл жарысқа қатысатын барлық ел белгілі болады. Қазақстан құрамасы алдағы Олимпиадада жүлделі орындарға таласа алады. Қазір барлық күш-жігер дайындыққа жұмсалып отыр.
— Қазіргі уақытта жоспар бойынша дайындалып жатырмыз. Маусымға сәуірдің ортасында кірістік. Алдымен Түркияда велодайындық жасадық. Мамыр айында таулы жерде оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сол айдан бастап, мұзға шықтық. Қазір Астанада үшінші жиынымыз өтіп жатыр. Әлем кубогының іріктеу кезеңдеріне дейін елордада жаттығуды жалғастырамыз, — деді бас бапкер Петр Гамидов.
Маманның айтуынша, дайындық жоспарлы түрде жүріп жатыр. Маусымаралық кезеңде жоспарланған жұмыстардың бәрі орындалуда. Құрамның негізгі ойыншылары қатарда, елеулі өзгерістер жоқ. Сонымен қатар жаттықтырушы команда ішінде де іріктеу болатынын атап өтті.
— Құраманың қазіргі жағдайы жақсы. Жаттығу үдерісі тұрақты. Бәрі өз жолымен жүріп жатыр. Барлық маман қызмет атқаруда, жүйе дұрыс жолға қойылған. Қыркүйектің 10-15 аралығында ішкі іріктеу өткіземіз. Сол іріктеудің қорытындысы бойынша Олимпиадада ел намысын қорғайтын құраманы анықтаймыз, — деді ол.
Айта кетерлігі, Олимпиадаға баратын құрамаға автоматты түрде енген бірден-бір спортшы — Денис Никиша. Бұл шешім 2025 жылғы әлем чемпионатынан кейін қабылданған. Естеріңізге сала кетейік, Никиша мансабында екінші рет әлем біріншілігінде күміс медаль иеленді.
Биыл өтетін алғашқы төрт Әлем кубогы кезеңі (қазан және қараша айларында) шешуші болмақ. Әр қашықтық бойынша лицензиялар сол жарыстарда сарапқа салынады. Рейтинг те үлкен рөл атқарады. Сондықтан басты мақсат — барлық кезеңде жоғары нәтиже көрсету. Бұдан бөлек, команда эстафетада сәтті өнер көрсетсе, қосымша олимпиадалық жолдамаға қол жеткізеді.
Ал 2026 жылғы Олимпиада ойындарына тікелей дайындық қаңтар айында басталады.
Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Asian Figure Skating Youth Camp лагеріне қатысады.