Олимпиадаға іріктеу турнирі: Ұлжан Сәрсенбек АҚШ боксшысынан жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде бүгін, 28 мамырда Ұлжан Сәрсенбек (54 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

Фото: olympic.kz

Қазақстандық боксшы АҚШ спортшысы Шэра Мэй Патрициомен шаршы алаңға шыққан еді. Қарсыласы – АҚШ-тың 11 дүркін чемпионы атанған тәжірибелі боксшы. Жекпе-жек барысында қос қарсылас тартысты бәсеке өткізді. Бір-біріне соққы жұмсап, ұпай қорын молайтуға тырысты. Төрешілер шешімімен жеңіс америкалық боксшыға берілді.

Ұлжан Сәрсенбек – Түркістан облысы тумасы, 22 жаста, жастар арасында әлем және Азия чемпионы.

Лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде Назым Қызайбай (50 келі), Римма Волосенко (60 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жеңіске жетті.

Ал Мұхамедсабыр Базарбайұлы екінші жекпе-жегінде жеңіп, 1/8 финалға өтті.

Ел құрамасынан Наталья Богданова (66 келі) 29 мамырда алғашқы жекпе-жегін өткізеді.