Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жетекші халықаралық энергетикалық компаниялардың басшылығымен, ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысына қатысушылармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Олардың ішінде Eni S.p.A-ның жаһан бойынша табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньяти мен Baker Hughes директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Лоренцо Симонелли бар.
Олжас Бектенов бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті. Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен экономиканың тұрақты және әртараптандырылған өсуін қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық цикл жүзеге асырылуда. Былтыр тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $20 млрд-тан асты. Биыл ел экономикасына $25,5 млрд-тан астам шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Кездесулер барысында бірлескен инвестициялық жобалардың ағымдағы мәртебесі талқыланды, сондай-ақ экономиканың басым бағыттарындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту перспективалары қаралды.
Eni S.p.A-ның жаһан бойынша табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселесі қаралды. Жаңаөзенде жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасының құрылысына ерекше назар аударылды, оны жүзеге асыру қазіргі заманғы төмен көміртекті технологияларды енгізуге және елдің энергия жүйесінің тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін болады.
Baker Hughes директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонеллимен кездесуде өндірісті локализациялауды кеңейту және мұнай-газ саласында заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда компания қосалқы бөлшектердің 174 атауын өндіруді локализациялады, 100-ге жуық позиция қазақстандық жеткізушілермен бірлесіп пысықтау сатысында тұр, бұл ретте компанияның сервистік қызметтерінің 95%-ын қазақстандық бөлімшелер мен мамандар орындайды. Baker Hughes локализацияны одан әрі кеңейтуге, отандық кәсіпорындармен әріптестікті дамытуға, өнеркәсіптік жабдықтарды мониторингілеу үшін цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ газ өңдеу, заманауи өндірістер құру және декарбонизация саласындағы жобаларға қатысуға ниетті екендігі атап өтілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және мұнай-газ саласындағы технологиялық әріптестікті кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.
Айта кетелік биыл Қазақстанға 25,5 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылуы керек екені айтылған еді.