Үкімет басшысы бүгінгі отырыста «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұловтың есебін тыңдап болғаннан кейін жобаның жүзеге асырылуына қызығушылық танытты.
Нұрлан Смағұловтың айтуынша, компания биыл BYD маркалы автобустар өндірісін іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Оның сөзінше, Қазақстан делегациясының Шанхайға сапарында қытайлық компания басшылығымен тиісті келіссөздер өткен.
Ал BYD жеңіл автокөліктерінің өндірісін келесі жылы жолға қою жоспарланған.
— Жеңіл автокөліктерге келсек, бұл жобаны жан-жақты пысықтадық. Келесі жылдан бастап BYD автокөліктерін өндіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз. BYD — тек қана электр және гибридті көліктер шығаратын әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Уақытылы берілген тапсырма үшін рақмет. Компаниямыз отандық нарықтың сұранысына сай BYD өндірісін жолға қоюға дайын, — деді Нұрлан Смағұлов.
Өз кезегінде Олжас Бектенов Үкіметтің BYD электромобильдерін шығаратын зауыттың Қазақстанда мүмкіндігінше тезірек ашылуына мүдделі екенін айтты.
— Біз BYD электромобильдерін өндіретін зауыттың Қазақстанда ашылуына мүдделіміз. Үкімет тарапынан қандай қолдау қажет болса, барлығы көрсетіледі. Осы жобаны іске асыруды жеделдетуді сұраймын, — деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Үкімет отырысында машина жасау саласын дамыту мәселесі қаралып жатыр.
Қазақстанның 19 оқу орнында автоөнеркәсіп мамандары даярланып жатыр.