Олжас Бектенов ведомстволарға дрондық логистиканы дамытуға қатысты тапсырма берді

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп министрлігі цифрлық шешімдердің бүкіл салада кеңінен қолданылуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрі Олжас Бектенов мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Өнеркәсіптің цифрлық трансформациясы да біркелкі емес және әзірге жекелеген ірі кәсіпорындарда ғана шоғырланған. Өнеркәсіп министрлігі цифрлық шешімдердің бүкіл салада кеңінен қолданылуын қамтамасыз етсін. Ол үшін негізгі өндірістік деректерді бірыңғай салалық «Data Lake» жүйесіне біріктіру қажет. Аталған мәселелер жасанды интеллектіні енгізудің негізіне айналуға тиіс. Цифрландыру кәсіпорындарға еңбек өнімділігін көтеру, шығындарды азайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру сияқты нақты нәтиже әкелуі керек, - деді Ж.Мәдиев. 

Үкімет басшысы Қазақстанда роботты техникалық жүйелерді өндіретін алғашқы Qazbot кешенінің құрылысы басталғанын еске салды.

- Дрондық логистика дамып келеді. Біз үшін мұндай жобалардың жекелеген бастамалар деңгейінде қалып қоймай, тұрақты ішкі сұранысқа ие болғаны маңызды. Мемлекет пен ұлттық компаниялардың сұранысын алдын ала айқындап, отандық өндірушілерге ұзақ мерзімді кепілді келісімшарттар ұсыну қажет. Бұл кәсіпорындарға жұмысты алдын ала жоспарлауға және өндірістік қуаттар мен локализация деңгейін жүйелі түрде арттыруға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп министрлігі екі ай мерзімде отандық цифрлық шешімдерді бірінші кезекте енгізу үшін басымдық берілетін кәсіпорындар мен технологиялық процестердің тізбесін айқындасын. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен және ұлттық компаниялармен бірлесіп, отандық роботты техникаларға және пилотсыз шешімдерге ұзақ мерзімді сұранысты қалыптастыру қажет, - деді Премьер-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, қалалық сервистерді басқару бойынша Астана тәжірибесі ел өңірлерінде енгізіледі.