АСТАНА. KAZINFORM – Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан әлем чемпионатында омбылық қазақ қызы, Ресей құрамасының мүшесі Салтанат Меденова жеңімпаз атанды.
С.Меденова 81 келіге дейінгі салмақта түркиялық Исильдар Бусрамен шеберлік байқасты.
Бірінші раундта бес төрешінің үшеуі Салтанат басым деп тапты.
Екінші кезеңде С.Меденова алға ұмтылып, жұдырық сілтеуді үстемелетті – 4:1. Қорытынды есеп те – 4:1.
Осылайша, С.Меденова әлем чемпионатындағы алғашқы алтынына қол жеткізді.
Бұл салмақтағы қазақстандық Гүлсая Ержан 1/8 финалда-ақ жарыс жолынан шығып қалды.
Салтанат осыған дейін Ресей чемпионатында үш рет топ жарып, өткен жылы БРИКС ойындарында да үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақ қызының үш мәрте Ресей чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Алуа Балқыбекова Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).