Өмірлік тәжірибеме сүйеніп таңдау жасадым — Еңбек Ері

Фото: Фото: Аслан Оспанов/Kazinform

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бүгін елімізде АЭС құрылысы бойынша жалпыұлттық референдум өтіп жатыр. Көкшетау қаласы тұрғындары саяси науқаннан шет қалмай, белсенді қатысып жатыр. 

Еліміздің келешегі үшін таңдау жасағандардың қатарында Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадыралин де бар.

Сонау жетпісінші, сексенінші жылдары даңқы жер жарып тұрған диқан, бүгінде Ақмола облысының қадірлі ақсақалы Көкшетау қаласында өзі тіркелген № 22 референдум учаскесіне барып, дауыс берді.

Фото: Аслан Оспанов/Kazinform

«Еліміздің азаматы ретінде саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық борышымды өтеп, дауыс бердім. Өмірлік тәжірибеме сүйеніп, дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Меніңше, әркім өз қалауынша, ішкі түйсігіне сеніп, дауыс беруі тиіс. Өйткені, осы референдумде келешек ұрпағымыздың тағдыры, әл-ауқаты үшін маңызды таңдау жасалады», — деді Kazinform тілшісіне ақсақал.

Көкшетау қаласындағы № 22 референдум учаскесінің төрайымы Римма Баймағамбетованың мәліметінше, аталмыш дауыс беру учаскесінде барлығы 1776 дауыс беруші тіркелген.

Сағат 09:30 дерек бойынша барлығы 91 адам дауыс беріп үлгерген. 

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында референдум қалай өтіп жатқанын жазған едік.