Өңірлер арасындағы білім сапасының айырмашылығы 2 жылды құрайды - министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өңірлер арасындағы білім сапасының айырмашылығы 2 жылды құрайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«PISA-2018 қорытындысы білім сапасы бойынша өңірлер арасындағы айырмашылықтың жоғары екендігін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл зерттеуге сәйкес, ең мықты және ең әлсіз өңірлер арасындағы алшақтық оқу бойынша 84 балл, математикадан 73, жаратылыстанудан 70 балды құрайды. Бұл енді баяғы әдістемемен санағанда кем дегенде 2 жыл. Яғни, Қазақстандағы ең алдыңғы қатарда тұрған өңірмен ең соңғы болып тұрған өңірдің білім сапасы арасындағы айырмашылық бүгінде 2 жыл деген сөз»,- деді ол.

Министрдің айтуынша, білім сапасындағы алшақтық қала және ауыл мектептерінің арасында да байқалады. Оқу бойынша айырмашылық 38, математикадан 22, жаратылыстанудан 32 балды құрайды.

«Жалпы оңтүстік өңірлер, әсіресе батыс өңірлер еліміздегі көрсеткіштен де төмен нәтиже алып отыр. Көшбасшылар қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары тұр. Оқу жетістіктерін сыртқы бағалау бойынша Жамбыл облысынан басқа өңірлер өздерінің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізген жоқ», - деді Білім министрі.

Оның атап өтуінше, Президенттің тапсырмасы бойынша білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту үшін кешенді шаралар қабылданатын болады.

«Шағын жинақты мектептер білікті кадрларлармен қамтамасыз етіледі. Еңбекақы төлеу жүйесі өзгертілетін болады. Ауыл мектептерін оқу материалдарымен, компьютерлік және тағы да басқа материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамту үшін бізде тиісті қаржы жаңа мемлекеттік бағдарламада қарастырылды. Осылайша біз осы мәселелерді шешетін боламыз», - деді Асхат Аймағамбетов.