Өңірлердегі пандустардың көбі талапқа сай емес — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Елнұр Әбдиев Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында өңірлердегі инклюзивті ортаның сапасына қатысты мәселе көтерді.

Фото: Парламент

Депутаттың айтуынша, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы 12 жылдан астам уақыт бойы мүгедектігі бар азаматтар мен жүріп-тұруы шектеулі жандар үшін қолжетімді орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соған қарамастан,депутат өңірлердегі ахуал әлі де өзекті болып отырғанын айтты.

— Қазір елімізде қалыптасып жатқан «кедергісіз орта» көп жағдайда тек қағаз жүзіндегі жұмыс сияқты көрінеді. Өңірлерде техникалық талапқа сай келмейтін, азаматтардың пайдалануына ыңғайсыз пандустар әлі де көп, — деді Елнұр Әбдиев.

Ол мұны жобалау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға бергенге дейінгі бақылаудың әлсіздігімен байланыстырды. Сондай-ақ ол 2026 жылғы 21 сәуірде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің де әкімдіктердің жұмысына сын айтқанын еске салды.

— Нысандарды бейімдеу мәселесіне көп жағдайда үстірт қарайды, — деді депутат.

Елнұр Әбдиевтің айтуынша, 2030 жылға қарай «қадамдық қолжетімділік» талаптарына сай келетін инфрақұрылым нысандарының үлесін 70 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Алайда ол нақты бақылау мен лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі күшеймейінше, бұл межеге жету қиын болатынын айтты.

Осыған байланысты депутаттар министрлер мен облыс және аудан әкімдеріне қолжетімді орта қалыптастыру бойынша жеке KPI көрсеткіштерін енгізуді ұсынып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қызмет көрсететін жеке көмекшілердің жұмыс уақытына жаңа тәртіп енгізілгенін жаздық.