Президент Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті — аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау екенін еске салды.
— Өздеріңізге мәлім, Кеңестің үштен бір бөлігі — аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар. Бұл — жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз, — деді Мемлекет басшысы.
Президент қоғамда «Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қала ма?», деген сұрақ болуы мүмкін екенін жасырмады. Бірақ, алаңдауға еш негіз жоқ.
— Аймақтардың үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады. Ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына, құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Халық Кеңесі осындай мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болмақ. Мен бұған кәміл сенемін, — деді Қ. Тоқаев.
Мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады.
Бұған дейін Президент 1 жылда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтқан еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 7 жылдағы негізгі көрсеткіштерін атады.
Сондай-ақ Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды.