Өңірлік ЖОО-лар ғылым мен инновацияның өңірлік орталықтарына айналуы тиіс — Құрылтай депутаты

АСТАНА. KAZINFORM — Университеттердің корпоративтік басқару тетіктерін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыру қажет. Бұл туралы Құрылтай отырысында депутат Нұрлан Дулатбеков айтты.

Фото: ҚР Конституциялық соты

Ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдап, жоғары білім мен ғылым жүйесін одан әрі жетілдіруде шешімі талап етілетін бірқатар жүйелі мәселені атады.

— Біріншіден, университеттердің нақты автономиясын қамтамасыз ету қажет. Қолданыстағы заңнамада академиялық дербестік көзделгенімен, мемлекеттік жоғары оқу орындары басқару және қаржылық мәселелерде әлі де орталықтандыруға тәуелді. Университеттердің корпоративтік басқару тетіктерін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыру маңызды, — деді ол.

Оның пайымынша, екіншіден, өңірлік университеттерді дамыту мәселесі өзекті. Ғылыми әлеует пен қаржыландырудың басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланған. Өңірлік жоғары оқу орындары кадр даярлау ғана емес, ғылым мен инновацияның өңірлік орталықтарына айналуы тиіс.

— Үшіншіден, ғылыми кадрлардың тұрақты мансаптық жүйесін қалыптастыру қажет. Жас ғалымдарды қолдау, өңірлерге тарту, ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту және қосымша ынталандыру шараларын енгізу маңызды, — деді Құрылтай депутаты.

Осыған байланысты Нұрлан Дулатбеков Ғылым министрінен мына мәселелерді қарастыруды сұрады:

— мемлекеттік университеттердің автономиясын кеңейту және корпоративтік басқару қағидаттарын дамыту;
— өңірлік университеттерді ғылым, инновация және аумақтық даму орталықтары ретінде қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеу;
— ғылыми мансаптың үздіксіз жүйесін қалыптастыру және ғалымдарды өңірлерге тарту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін енгізу.
— жастар саны қарқынды өсіп отырған өңірлерде жаңа университеттік орталықтар құру мүмкіндігін қарастыру.

Айта кетейік, отырыста депутаттар қылмыспен күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты заң жобалары қаралды.