Оңтүстік Африкада бірнеше көліктің соқтығысуынан кемінде 21 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Африка Республикасының Батыс Кейп провинциясында бірнеше көлік соқтығысып, кемінде 21 адам қаза тапты. Тағы төрт адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды АbcNews .

Фото: Xinhua

Жол-көлік оқиғасы жексенбіге қараған түні Принс-Альберт пен Леу-Гамка шағын қалаларының арасында болған. Бұл аумақ Кейптауннан шамамен 380 шақырым шығысқа қарай орналасқан.

Ұлттық жол қозғалысын басқару корпорациясының (RTMC) мәліметінше, апатқа екі шағын автобус пен жол талғамайтын көлік қатысқан. Полиция өкілі Кристофер Спайстың айтуынша, екі Toyota шағын автобусы маңдайша соқтығысқан, кейін оларға Suzuki жол талғамайтын көлігі келіп соғылған.

Фото: Xinhua

Оқиға орнында 18 адам қаза болғаны анықталды. Ауруханаға жеткізілген тағы үш адам көз жұмып, қаза тапқандар саны 21-ге жетті. Тағы төрт адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

RTMC қаза болғандар саны артуы мүмкін екенін ескертті. Қазір Батыс Кейп провинциясындағы жедел қызметтер мен тиісті органдар оқиға орнын тексеріп жатыр.

Апат болған жерде №1 тасжолы жабылды. Полиция адам өліміне әкеп соққан абайсыздық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жол апатының нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Оқиға орнында RTMC тергеушілері де жұмыс істеп жатыр.

Батыс Кейп провинциясындағы бұл апат демалыс күндері Оңтүстік Африкада болған адам өліміне әкелген екі ірі жол-көлік оқиғасының бірі болды. Үкіметтің мәліметінше, екі апаттан кемінде 29 адам қаза тапқан.

Екінші жол апаты жексенбі күні таңертең Мпумаланга провинциясындағы Эрмело қаласының маңында болып, сегіз адамның өмірін қиды.

Шағын автобустар Оңтүстік Африкада миллиондаған адам үшін қоғамдық көліктің негізгі түрі саналады. Алайда мұндай көліктердің қатысуымен адам өліміне әкелетін жол апаттары жиі болып тұрады. Қаңтарда шағын автобустар қатысқан екі бөлек апаттан кемінде 25 адам, оның ішінде 14 бала қаза тапқан.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында жол апатынан «Газель» жолаушысы қаза тапқанын жаздық

Ал Алматы облысында жол апатынан екі жаяу жүргінші мерт болды.