Оңтүстік Корея атомдық сүңгуір қайықтар жасау жоспарын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея АҚШ-пен жасалған келісім аясында атомдық сүңгуір қайықтар жасау жөніндегі негізгі жоспарды бекітті. Жобаны іске асыру жұмыстары 2027 жылы басталады. Бұл туралы Yonhap агенттігі жазды.

Фото: Pexels

Оңтүстік Кореяның Қорғаныс саласындағы сатып алулар басқармасының (DAPA) мәліметінше, тиісті шешім 6 қарашада Ұлттық қорғаныс министрлігі жанындағы қорғаныс жобаларын қарау комитетінің отырысында қабылданған.

Jang Bogo N деп аталатын жоба аясында Оңтүстік Кореяда атомдық энергетикалық қондырғымен жабдықталған, кәдімгі қару-жарақпен жарақтандырылатын сүңгуір қайықтарды әзірлеу және құрастыру көзделіп отыр.

Алғашқы сүңгуір қайықты 2030 жылдардың ортасында суға түсіру жоспарланған. Оны қарулы күштердің құрамына енгізу 2030 жылдардың екінші жартысында немесе одан кейінгі кезеңде жүзеге асуы мүмкін.

2027 жылдың бірінші жартысында жобаға жауапты өндіруші ашық конкурс арқылы таңдалады. Ал жыл соңына дейін тиісті келісімшарт жасасу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыруды жеделдету мақсатында оны экономикалық тиімділікке алдын ала бағалау рәсімінен босату туралы шешім қабылданған.

Сүңгуір қайықтарды жабдықтау үшін шағын модульдік ядролық реакторларды пайдалану көзделген. АҚШ бұл реакторларда уран-235 изотопының байытылу деңгейі 20 пайыздан төмен болатын төмен байытылған уранды қолдануға келісім берген.

DAPA мәліметінше, бұл бағдарлама КХДР тарапынан төнетін ядролық және зымырандық қатерлер жағдайында елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған.

Жобаның түпкілікті бюджеті әзірге бекітілген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Оңтүстік Корея әрқайсысының су ығыстырғыш көлемі шамамен 8 мың тонна болатын кемінде үш атомдық сүңгуір қайық салуды қарастырып отыр.

Бағдарламаның жалпы құны 28,9 трлн вонға (шамамен 21,3 млрд АҚШ доллары) бағаланып отыр.

Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси Оңтүстік Кореяны атомдық сүңгуір қайықтар жасау бағдарламасын іске асыру барысында ядролық қарудың таралуына жол бермеу мақсатында агенттікпен тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырған болатын.

Бұған дейін Солтүстік Корея тағы да жаңа зымыран ұшырғанын жаздық.