Оңтүстік Корея қоғамдық орындарды күзетуге төрт аяқты роботтарды қолданады

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея қоғамдық орындар мен маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төрт аяқты патрульдік роботтарды пайдалануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды AJU Press агенттігі.

Фото: ajupress.com

Кореяның Ұлттық полиция агенттігінің мәліметінше, роботтар қоғамдық тәртіпті бақылауға, күдікті жағдайларды анықтауға және полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетуге арналған.

Төрт аяқты роботтар адам өте алмайтын немесе жетуі қиын аумақтарда қозғалып, бейнебақылау камералары мен басқа да сенсорлар арқылы ақпарат жинай алады. Олар патрульдеу кезінде алынған деректерді полицияға жедел жеткізеді.

Жоба аясында роботтарды қоғамдық орындарда сынақтан өткізу және олардың жұмыс тиімділігін бағалау көзделген. Билік жаңа технологиялар полиция қызметкерлерінің жүктемесін азайтып, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі деп үміттенеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін полицейлердің робот-иттері Астананың қай аумағында жаппай іске қосылатынын жаздық.