Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымына шығарылған үкім күшінде қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты бейсенбі күні бұрынғы бірінші ханым Ким Кон Хиді сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырды. Бұл туралы Yonhap жазды.

Фото: Yonhap

2026 жылдың қаңтарында сот Ким Кон Хиді шіркеу бірлестігінен іскерлік келіссөздер арқылы алынған қымбат сыйлықтарды қабылдағаны үшін кінәлі деп тауып, бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

Сәуір айында апелляциялық сот жаза мерзімін төрт жылға дейін ұзартты, сонымен қатар оның акция бағасын манипуляциялау схемасына қатысы дәлелденді. Бұрынғы бірінші ханымға 50 миллион вон (37 600 АҚШ доллары) айыппұл салынды.

Бейсенбі күні Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты төрт жылға бас бостандығынан айыру және айыппұл төлету жазасын күшінде қалдырды.

2025 жылдың тамыз айынан бері қамауда отырған Ким барлық айыптауларды жоққа шығарумен келеді. 

Еске сала кетейік, Ким Кон Хидің күйеуі, бұрынғы президент Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты сегіз қылмыстық іс бойынша айып тағылып, ақпан айында өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. 

Артынша Юн Сок Ёль өмір бойына сотталу үкіміне апелляция берді.