OpenAI-мен бәсекеге түскен құпия ЖИ: Ox Alpha-ны кім жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Ox Alpha деп аталатын жаңа жасанды интеллект жүйесінің пайда болуы сарапшылар мен технология қолданушылары арасында қызу талқылау туғызды. Бұл туралы Еuronews жазды.

Фото: Tara Winstead/Pexels

Модельді кім әзірлегені белгісіз. Ол 20 тамызда OpenRouter платформасында әзірлеушісі көрсетілмеген жабық stealth-модель ретінде пайда болды.

Ox Alpha ашық бастапқы кодты жүйе емес. Қазір оны 27 тамызға дейін тегін сынақ режимінде пайдалануға болады. Одан кейін модельге қолжетімділік ақылы бола ма, әзірге белгісіз.

Әзірлеушісі мен иесі жарияланбағанымен, сарапшылар Ox Alpha Қытайдың Zhipu AI компаниясы әлі таныстырмаған GLM-5.x модельдер сериясына жатуы мүмкін деп болжап отыр. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Осы жағдай Қытайдың жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекеде АҚШ бастаған Батыс елдерін басып озуы мүмкін деген пікірталасты күшейтті. Бұған Қытайда жоғары технологиялық, кейде әзірлеушісі бастапқыда жарияланбайтын ЖИ модельдерінің жиі пайда болуы себеп болып отыр.

Бұған дейін Alibaba және ByteDance секілді қытайлық компаниялар да кейбір модельдерін алғаш шығарған кезде оларды өздері әзірлегенін бірден жарияламаған.

Мұндай тәсіл компанияларға жаңа әрі қуатты модельдерді әзірлеушінің атын жарияламай сынауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оның экспорттық бақылау мен реттеуші талаптарға ықпалына қатысты да пікірталас бар.

Ox Alpha несімен қуатты

Бағдарламалау бойынша DeepSWE секілді тест нәтижелері Ox Alpha-ның OpenAI және Anthropic сияқты жетекші компаниялардың үздік модельдерінен кем түспейтінін, кейбір көрсеткіштер бойынша олардан асып түсетінін көрсетті.

Модельдің контекстік терезесі 1 млн токеннен асады. Ол мәтін, сурет және видеоны өңдей алады, ал бір жауапта 131 072 токенге дейін ақпарат ұсынуға қабілетті.

Ox Alpha күрделі бағдарламалау, ауқымды деректерді өңдеу және автономды ЖИ агенттерінің ұзақмерзімді жұмысын орындауға бейімделген.

Сервис мәліметінше, пайдаланушылардың сұраулары сақталғанымен, модельді оқыту үшін қолданылмайды. Алайда бұл ақпарат әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Ox Alpha-ның пайда болуы Қытайдың ЖИ саласындағы қарқынын тағы көрсетті. Елде жасанды интеллект стратегиялық басымдық ретінде қарастырылып, компанияларға жаңа модельдерді жылдам әзірлеп, нарыққа шығаруға мүмкіндік беріліп отыр.

Ал АҚШ-тағы ЖИ компаниялары қымбат технологиялар, экспорттық шектеулер мен чип жеткізуге қатысты талаптарға байланысты өнімдерін көбіне кезең-кезеңімен шығаруға мәжбүр.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстанда кәсіпкерлерге арналған AI-навигатор іске қосылғанын жаздық.