«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталмыш бағытта Орал әуежайы үшін жаңа тасымалдаушы – Nordwind әуе компаниясы қызмет көрсетеді.
Мәскеумен тікелей әуе қатынасының қажеттігін облыс тұрғындары айтып жүрген болатын. Бұл Ресей астанасына жолаушыларға басқа жерге соқпай баруға әрі уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
Рейстер күзгі және қысқы кезеңде аптасына екі рет - сәрсенбі және жексенбі күндері орындалады. Екі араға 189 жолаушы сыятын Boeing 737-800 ұшағы қатынайды. Билеттер қазірдің өзінде сатылып жатыр.
Сонымен қатар SCAT әуе компаниясы Алматы – Орал – Алматы бағыты бойынша 25 қазаннан рейстерді күн сайын орындай бастайды.
Рейстер күзгі-қысқы навигация кезеңінде Boeing 737 әуе кемелерімен жүзеге асырылады.
- Өңір жолаушылары үшін бұл Алматыға сапарларын жоспарлауға бұрынғыдан да көп мүмкіндік береді. Рейстердің күнделікті орындалуы саяхат үшін ең қолайлы күнді таңдауға септеседі. Алматы Батыс Қазақстан тұрғындары үшін ең сұранысқа ие бағыттардың бірі болып қала береді, - делінген ресми мәліметте.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдан Ташкентке қатынайтын әуе рейсі тоқтатылғанын жазған едік.