Орал қаласы тұсында Жайық өзеніндегі су деңгейі 7 метрден асты
ОРАЛ. KAZINFORM — Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласындағы гидробекетте бір тәулікте 9 сантиметрге көтеріліп, 703 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың 8 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Жайықтағы су деңгейі Январцев ауылы тұсында 777 (+10, қауіпті деңгейі – 1250 см), Көшімде 651, (+17, 850 см), Тайпақта 343 (+38, 850 см) сантиметрді көрсетті.
Сондай-ақ Көшім каналында 752 (+19, 800 см), Рубежка өзенінде 760 сантиметр (+26, 1 мың см) болды.
Облыстың қалған өзенінде су деңгейінің түсуі байқалады. Соның ішінде Жайыққа құятын Шаған өзені Чувашин ауылы тұсында бір тәулікте 35 сантиметрге (1 274, қауіпті шегі – 1 300) төмендеді.
БҚО ТЖ департаментінің аға инженері Нұржан Төлеуіш қазіргі кезде қар суынан қауіп жоқтығын, басты назар Жайық, Шаған өзендері жайылмаларында орналасқан саяжайларға аударылып отырғанын жеткізді.
«Саяжайларда тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Орал қаласы, Бөрлі, Теректі және Бәйтерек аудандарында Жайық өзені жағалауындағы бөгеттер нығайтылуда. Облыс бойынша су тасқыны басталғаннан бері барлығы 7 048 адам көшірілсе, қазіргі кезде 161 эвакуациялық пунктте 1 500-ден астам тұрғын орналастырылған», - деді Н. Төлеуіш.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Жайық жағасындағы бөгеттерді биіктету жұмыстары жүргізіліп жатырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров Жайық өзеніндегі судың көтерілуі 94 елді мекенге қауіп төндіретінін айтты.