ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласындағы Зачаган кентінде жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам жарақат алды.
Оқиға С.Айтқұлов пен Жәңгір хан көшелерінің қиылысында 14 қаңтар күні болды.
Екі жүк көлігі мен Volkswagen және Hyundai Tucson жеңіл көліктері түйіскен.
БҚО жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Серік Орынбасаровтың мәлім еткеніндей, Құс фабрикасы ауданында жол апаты болғаны жөнінде сағат 12.14-те шақыру түскен.
- Жедел жәрдем бригадалары зардап шеккен 5 адамға шұғыл медициналық көмек көрсетті. Олар түрлі жарақаттармен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Біреуі ауруханаға жатудан бас тартты, - деді С.Орынбасаров.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, көмекке құтқарушылар да барған.
Олар автокөлікке қысылып қалған екі адамды алып шығып, медицина қызметкерлеріне тапсырған.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өрт болған жерден екі адамның денесі табылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).