ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстанда биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 27, 28, 29 мамыр күндері аталып өтіледі.
БҚО бас имамы Самат Әлібаевтың мәлім еткеніндей, қасиетті Арафа күні 26 мамыр күніне сәйкес келеді.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:30-да оқылады.
Өңірде қазіргі таңда барлығы 69 мешіт бар.
— Орал қаласы бойынша құрбан шалатын үш қасапхана белгіленді. Атап айтқанда, «Ел ырысы» базары, «Батыс адал ет» ЖШС және «Кублей» ЖШС-да мал құрбандыққа шалынады, — деді Самат Әлібаев.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, айт намазына байланысты Оралда Абай даңғылы Ә.Әйтиев көшесінен Мұхитқа дейін, сондай-ақ Ж.Досмұхамедов көшесі Құрманғазыдан Х.Чурин көшесіне дейін көлік қозғалысы жабылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құрбандық мал шалынатын орындар бақылауда болатынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).