Орал қаласында жазғы кафе жанып кетті

ОРАЛ. KAZINFORM - Оралда қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында жазғы кафе өртенді.

Фото: БҚО Төтенше жағдайлар департаменті

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 1 шілде күні болды.

«Сағат 09.50-де Қ.Рысқұлбеков көшесі 1/4-мекенжайында аумағы 280 шаршы метр «У фонтана» жазғы кафесі жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Сондай-ақ соған жалғас тұрған 25 шаршы метр әкімшілік ғимаратының төбесі отқа оранды. Оқиға орнынан 1 көмірсутегі баллоны шығарылды. Өртті сөндіруге 20 адам, 5 техника жұмылдырылды. «Тілсіз жау» сағат 10.15-те оқшауланып, 10.32-де ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде оқиғаның шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жатақхана мен 9 қабатты үйде өрт болып, бірнеше адам құтқарылғанын жазған едік.