Орал қаласының келбетін көрікті ету бағытында не істеліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Орал қаласының өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Шаһар келбетін көріктендіре түсу бағытында қандай жұмыстар атқарылмақшы? Осы орайда Kazinform тілшісі мәселені анықтап көрген еді. Оралда урбанистика жұмыстары қалай басталды?

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

2025 жылғы 31 шілдеде Оралға Астана қаласы урбанистика орталығының директоры Елнұр Базыкен іссапармен келіп, облыс және қала әкімдігі өкілдерімен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында урбанистика саласындағы озық тәжірибелер талқыланып, бірлесіп іске асыруға болатын жобалар қарастырылды. Нәтижесінде Орал қаласындағы ғимараттардың қасбеттеріне бірыңғай архитектуралық келбет енгізу, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолдарының плиткасын еуропалық стандарттарға сәйкестендіру бойынша жобалар әзірленді. Осы жұмыстар аясында Сарайшық көшесінен Ж.Досмұхамедов көшесіне дейінгі аралықта жаяу жүргіншілер бульвары кеңейтіліп, ғимараттардың қасбеттері бірыңғай стильге келтірілді.

Фото: Ғайсағали Cейтақ\Kazinform

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес Орал қаласы әкімдігінің № 2659 қаулысымен 2025 жылғы 14 қарашада «Сәулет және урбанистика орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Жалпы штат саны — 19. Мекеменің негізгі міндеттері: қалалық дамуды жоспарлау, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, «ақылды қала» элементтерін енгізу, жаяу жүргіншілер және жасыл аймақтар бойынша зерттеулер жүргізу.

Облыс әкімімен 2025–2026 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы бойынша урбанистика саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолданды.

Жоспар аясында қаланың сәулеттік келбетін жақсарту, абаттандыру және дизайн-код стандарттарын енгізу, жарнама тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ Астана қаласының урбанистика орталығымен тәжірибе алмасу көзделген.

Шаһарда тынымбақтар көбейеді 

«Сәулет және урбанистика орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ильдар Ақатовтың мәлім еткеніндей, Орал қаласы әкімдігі мен «EL-ORDA PRODUCTION» ұйымы арасында 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 26 келісімшарт негізінде (ашық конкурс тәсілімен) дизайн-код әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

2026 жылғы 3 сәуірде қала әкімі орынбасарының, көркемдік кеңес мүшелерінің және қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен мердігер әзірлеген жобалар талқыланды. Атап айтқанда, Әбілқайыр хан даңғылы (ұзындығы 5,55 км), Абай даңғылы (4,47 км) және Құрманғазы көшесін (4,2 км) қамтитын дизайн-код жобасы қарастырылды. Қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда.

Фото: Ильдар Ақатовтың жеке мұрағатынан

— 2025 жылы Орал қаласында тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік және көркем келбетін қалыптастыру мақсатында 57 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері сырланып, Н.Назарбаев даңғылы бойындағы 20 тұрғын үй жаңартылды. Сондай-ақ демеушілердің қолдауымен қаладағы 10 тұрғын үйдің қасбетіне түрлі тақырыптағы муралдар салынды, — дейді И.Ақатов.

Мекеме басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2025 жылы қала аумағында 19 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 8 нысанға автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар 12 500 шаршы метр газон төселді. 2026 жылы да бұл жұмыстар жалғасын табуда.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

Өткен жылы жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі — «Жайық өзенінің жағалауы» тынымбағын толық жаңғырту жұмыстары болды. Нәтижесінде заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылды. Сонымен қатар Некрасов және Журналистер скверлері жаңартылды.
Қаланың орталық көшелері мен алаңдарында (Абай алаңы, С. Датов алаңы, Батыр қыздар алаңы, Д. Нұрпейісова көшесі, Н. Назарбаев даңғылы) біркелкі өрнектастар төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта Құрылысшылар, Мұнайшылар, Жұбан, Пушкин, Тоқай және Савичев тынымбақтарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Н. Назарбаев даңғылы бойынша бекітілген дизайн-кодқа сәйкес сыртқы жарнама нысандарын ретке келтіру және қасбеттерді жаңарту жұмыстары атқарылуда. М. Шолохов көшесінде заңсыз орналастырылған жарнамалық конструкциялар жойылуда. Қала аумағындағы билборд иелерімен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар дизайн-кодқа сәйкес аялдама павильондарын ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, оларды бірыңғай сәулеттік стильге келтіру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

Қазіргі таңда ұзындығы 10 шақырым болатын вело және жүгіру жолдарын салу жобасы әзірленуде.

Бүгінгі күні урбанистика орталығы қалада қолайлы, қауіпсіз және эстетикалық тартымды орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Соның ішінде қалалық инфрақұрылым мен қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне талдау жасалып, оларды дамыту бойынша ұсыныстар әзірленуде.

Биылғы сәуір айында Орал қаласының уәкілетті өкілдері «Flora Expo Astana» халықаралық көрмесі аясында «Jasyl Astana» халықаралық конференциясына және «Urban Talks» семинарына қатысып қайтты.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

Аталған шаралар урбанистикалық саясатты тиімді іске асыруға, қалалық кеңістікті кешенді дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Орал қаласы бойынша 14 кәсіпкердің демеушілік қолдауымен алаңдар мен тынығу бақтарының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Қалдығайты» ЖШС, «СВС Батыс» ЖШС, «Болашақ-Т» ЖШС, «Alim Construction» ЖШС, «Ткалун А.М.» ЖК «Талап» АҚ, «Кублей» ЖШС және басқалар осы бағытта жұмыстанбақшы.

— Қала аумағында тынымбақ құрылысы үшін 3 жер телімі қарастырылуда. Күні бүгін кәсіпкерлер тарапынан қаланы абаттандыру және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстарды жүзеге асыру мәселесі қарастырылуда, — деп қосты И.Ақатов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын сәулетшілердің Қарағандыны қалай өзгертіп жатқанын жазған едік.