ОРАЛ. KAZINFORM — «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері ірі көлемде есірткі заттарының заңсыз сақталғанын анықтады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласында 39 жастағы тұрғынның үйі тінтілген.
Тінту барысында үйдің шатырынан өсімдік тектес заттар салынған үш жәшік және екі полиэтилен пакеті, сондай-ақ қарасораға ұқсас 39 бұта (бесеуі тамырымен, 34-і тамырсыз) табылып, тәркіленді.
— Құрамында есірткі бар өсімдіктердің жалпы салмағы 9,68 килограмм болды. Бұдан бөлек, 2,77 кг кептірілген марихуана тәркіленді. Бәрінің жалпы салмағы 12 килограмнан асады. Ұсталған тұрғын кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есірткі өсіретін жасырын фитозертхана жойылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО тұрғыны 10 қап өзен шаянымен ұсталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).