Орал қаласының жылу-электр орталығы 88 пайыз тозған

Орал қаласының жылу-электр орталығы 88 пайыз тозған, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Александр Павский/Kazinform

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, республикалық тәуекелдер аймақтарына сәйкес аталған орталық қызыл аймақта тұр.

Оның сөзіне қарағанда, осы мәселені шешу мақсатында турбоагрегат, градирня, 3,15 кВ тарату құрылғысын қайта құру және Зачаган кентіндегі Ғалымдар ауылы көшесі бойында жаңа қазандық салу бойынша төрт жоба қолға алынған болатын.

Градирня биылғы мамыр айында пайдалануға берілді. Нәтижесінде Жайық өзенінен жылу-электр орталығының қажеттілігіне техникалық суды пайдалану көлемі азайды. Сонымен қатар жылу-алмасу суларын Жайық өзеніне кері жіберу тоқтады.

Жылу-электр орталығы су жинағышының 3,15 кВ тарату құрылғысын қайта құру 2023 жылдың тамыз айында аяқталды. Осылайша, станция су қабылдағышының тозуы азаяды.

Ғалымдар ауылы көшесінде жаңа қазандық салу жұмыстары мәреге таяп келеді. Бұл нысан біткеннен кейін 9 үй, 6 өндірістік кәсіпорын, 1 әлеуметтік нысан жылумен тұрақты қамтамасыз етіледі.

Турбинаны 2024 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аталған турбиналық қондырғыны ауыстыру өндірілетін электр энергиясын 12 МВт көлемінде ұлғайтады. Яғни жалпы электр энергиясын өндіру 58 МВт-ға жететін болады.

Сонымен қатар жылу-электр орталығының ғимараттарына техникалық тексерулер жүргізіліп, оның 11-інің апатты жағдайда екені анықталды.

Биыл жылу-электр орталығының 5 өндірістік ғимаратын (газ турбиналық қондырғы, негізгі корпус, жылу желілерін толықтыру, механикалық жөндеу шеберханалары, қызметтік тұрмыстық корпус) қайта құру және күрделі жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сәйкесінше, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім республикалық бюджеттен қаражат бөлу мақсатында салалық министрлікке жолданатын болады.

«Қалған 6 ғимарат бойынша жобалау-сметалық құжаттама алдағы жылы дайындалмақ. Оның үстіне Орал қаласында жалпы ұзындығы 5,6 шақырым №2 және №5 жылу магистральдарын қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім салалық министрлікке жолданады. Бұдан басқа «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өз қаражаты есебінен №9, №2 және №4 қазандық агрегаттарына, №3 турбоагрегатқа, 5,8 км жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы, 2024-2028 жылдар аралығында жылу-электр орталығының ғимараттары мен құрылыстарын қайта жаңартуға 61 млрд теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр», - деді М.Мүлкәй.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы жылыту маусымына қаншалықты дайын екенін жазған болатынбыз.