ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде ҚР ҚК 366-бабына (пара алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«ҚР Ішкі істер министрлігі лауазымы мен атағына қарамастан, полицейлер жол берген парақорлық және азаматтардың құқығын бұзу фактілерінің бұдан былай да қатаң түрде жолын кесетін болады. Олардың мұндай әрекеті Қазақстан халқына адал қызмет етуі тиіс полицейлердің абыройына. нұқсан келтіреді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 10 млн теңгенің мүлкін жымқырған қарағандылық тұрғындардың ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).