ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал тұрғыны өзге елден автокөлік айдап әкеліп беремін деп 2 млн астам теңге жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 21 жастағы К. тұрғындарға басқа мемлекет аумағынан автокөлік айдап келемін деп уәде беріп, суретін әлеуметтік желілерге салған.
Өздеріне ұнаған автокөлікті алуды тездету үшін алдын ала ақы сұраған. Оған қоса көлік құралдарын жөндеуге де өз қызметін ұсынған.
Осылайша алаяқ Орал қаласы тұрғындарының 2 млн астам теңгесін иемденіп кеткен.
Полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылы нәтижесінде күдікті анықталып, қазір ол қамауда отыр.
Жәбірленушілерге шығындары өндірілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тіркелмеген діни бірлестіктің заңсыз қызметі әшкереленгенін, жаңадан қабылданған тәртіп сақшыларының ант бергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).